«ЖАСТАР СИНЕРГИЯСЫ»: жастарға жобаларын іске асыруға қолдау көрсетіледі

08:46 29/11/2018

96
Елорданың белсенді жастары қысқы лагерьде коуч және бизнес-тренерлердің оқытуынан өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

28-30 қарашада Астана маңындағы «Золотой фазан» демалыс базасында «Жастар синергиясы» қысқы лагері жұмыс істейді. Шара ұйымдастырушысы – Астана қоғамдық даму істері басқармасы. 

Жобаның мақсаты – жастардың әлеуметтік жобаларының іске асырылуына қолдау көрсету. Әрбір қатысушы оқытудан өтіп, өз идеясын арнайы шақырылған коуч, бизнес-тренер, танымал адамдармен бірге талқылай алады. «Өзіңіз білесіз, 2019 жыл – Жастар жылы. Президент жас азаматтардың өз позициясы мен идеясын ұсынуда белсенді болу қажеттігін атап өтті.

Жастар жылы шеңберінде біз студенттерден, оқушылардан қаланың жастар саясатын дамытуға арналған пайдалы идеялар күтеміз. Біз мұнда жастарға өз ойын жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін, оларды қолдау үшін  басын қосып отырмыз», - деді Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

«Жастар синергиясы» лагерінің сайтына екі жүзге жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінен перспективасы жоғары жобалар іріктелініп алынды. Әлеуметтік жобалар «Жастардың әлеуметтік дамуы», «Жастар және бизнес»,«Жастар, мәдениет және спорт», «Жұмыссыздықтың алдын алу және кәсіби бағдар бойынша жұмыстар жүргізу», «Жастар ақпарат толқынында» сияқты бағыттарға қатысты болуы керек.